KZ RU(https://ayala.kz/ru/news/atyrauda-zha-a-zhabdy-tar-balalar-reanimatsiyasyny-m-mkindikterin-ke-ejtti/) EN(https://ayala.kz/en/news/atyrauda-zha-a-zhabdy-tar-balalar-reanimatsiyasyny-m-mkindikterin-ke-ejtti/)

Оnline қайырмалдық:

Аударымдар(https://kaspi.kz/pay/Ayala)

Қайырымдылық қоры

2007 жылы құрылған

БАСТЫ(https://ayala.kz/)

ЖАҢАЛЫҚТАР(https://ayala.kz/news/)

БІЗДІҢ ЖОБАЛАР(https://ayala.kz/projects/)

ҚОР ТУРАЛЫ(https://ayala.kz/about/)

Команда(https://ayala.kz/about#team)

ҚОРДЫҢ ТАРИХЫ(https://ayala.kz/about#history)

БАҚ БІЗ ТУРАЛЫ(https://ayala.kz/about#smi)

БАЙЛАНЫСТАР(https://ayala.kz/about#contacts)

ЕСЕПТЕР(https://ayala.kz/reports/)

14.10.2026

Атыраудағы екі медициналық мекеме жаңа туған нәрестелер мен балаларға шұғыл көмек көрсетуге арналған тоғыз заманауи медициналық жабдық алды. Облыстық балалар ауруханасына екі SV600 өкпені жасанды желдету аппараты және бес пациент мониторы, ал Атырау қалалық перзентханасына SV800 өкпені жасанды желдету аппараты мен анестезиологиялық-тыныс алу аппараты табысталды. Жаңа жабдықтар қазірдің өзінде белсенді қолданылып, дәрігерлерге балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесіп келеді.

Жабдықтар AYALA қайырымдылық қоры «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырып жатқан «Өмір сыйлайық» жобасы аясында берілді. Жоба Қазақстанда нәрестелер өлімін және туа біткен мүгедектік деңгейін төмендету жөніндегі мемлекеттік міндеттерді қолдау мақсатында мемлекеттік перинаталдық орталықтарды, перзентханалар мен балалар ауруханаларын заманауи медициналық техникамен жабдықтауға бағытталған.

«Балалар денсаулығын сақтау саласын дамытуға бағытталған жобаларды қолдау — Атырау облысындағы әлеуметтік қызметіміздің ажырамас бөлігі. Жаңа туған нәрестелер мен балаларға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін заманауи жабдықтардың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан AYALA қайырымдылық қорымен серіктестікте өңірдің мемлекеттік медициналық мекемелерін қолдауды жалғастырып келеміз. Бұл жұмыстың нәтижесі ұзақ мерзімді болып, облыстың барлық тұрғынына оң әсерін тигізгенін қалаймыз», — деді Теңізшевройл ЖШС-нің Үкімет және қоғаммен байланыс бойынша бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.

Атырау қалалық перзентханасы 2009 жылдан бері жұмыс істейді. 2019 жылдан бастап мұнда мамандандырылған емдеуді, қарқынды терапияны және тұрақты бақылауды қажет ететін жүкті әйелдерге, босанатын аналар мен жаңа туған нәрестелерге III деңгейдегі перинаталдық көмек көрсетіледі. Жаңа жабдықтар перзентхананың жаңа туған нәрестелерге хирургиялық көмек көрсету бағытын дамытудағы техникалық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

«Жаңа өкпені жасанды желдету аппараты мен анестезиологиялық-тыныс алу аппараты нәресте өмірінің алғашқы сағаттарында қарқынды терапияны бастауға, оның жағдайын тұрақтандыруға және хирургиялық араласулар кезінде анестезиологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Перзентханамыздағы шұғыл хирургиялық көмектің жаңа бағытын дамытуға қолдау көрсеткені үшін AYALA қоры мен «Теңізшевройл» компаниясына алғыс айтамыз», — деді Атырау қалалық перзентханасының бас дәрігері Серікбек Төребаев.

Атырау облыстық балалар ауруханасы өмірінің алғашқы күндерінен бастап 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсетеді.