KZ RU(https://ayala.kz/ru/news/almatyda-ortaly-aziyada-al-ash-ret-n-restelerge-arnal-an-oftalmologiyaly-tomograf-ornatylady/) EN(https://ayala.kz/en/news/almatyda-ortaly-aziyada-al-ash-ret-n-restelerge-arnal-an-oftalmologiyaly-tomograf-ornatylady/)

Оnline қайырмалдық:

Аударымдар(https://kaspi.kz/pay/Ayala)

Қайырымдылық қоры

2007 жылы құрылған

БАСТЫ(https://ayala.kz/)

ЖАҢАЛЫҚТАР(https://ayala.kz/news/)

БІЗДІҢ ЖОБАЛАР(https://ayala.kz/projects/)

ҚОР ТУРАЛЫ(https://ayala.kz/about/)

Команда(https://ayala.kz/about#team)

ҚОРДЫҢ ТАРИХЫ(https://ayala.kz/about#history)

БАҚ БІЗ ТУРАЛЫ(https://ayala.kz/about#smi)

БАЙЛАНЫСТАР(https://ayala.kz/about#contacts)

ЕСЕПТЕР(https://ayala.kz/reports/)

21.10.2026

2026 жылғы мерейтойлық Almaty Marathon жарысына қатысу жарналарының бір бөлігі «Әлемді көремін» жобасы аясында Алматы қалалық перинаталдық орталығына нәрестелерді тексеруге арнайы бейімделген бірегей офтальмологиялық томограф сатып алуға бағытталады. Қазіргі уақытта мұндай томограф Орталық Азияның ешбір елінде жоқ.

15-ші Almaty Marathon жарысы 27 қыркүйек күні өтіп, 66 елден келген 16 000 қатысушыны біріктірді. Марафонды ұйымдастырушы «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры «Әлемді көремін» қайырымдылық жобасын AYALA қайырымдылық қорымен бірлесіп жүзеге асырады.

Осы уақыт ішінде марафонды ұйымдастырушы 30-дан астам қайырымдылық жобасын жүзеге асырып, оларға 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Алғашқы бастамалар спорт алаңдарын жабдықтауға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсететін мекемелерге оңалту жабдықтарын сатып алуға бағытталды. Бүгінде қор қызметінің басым бағыттарының бірі – балалардың денсаулығын сақтау, атап айтқанда, нәрестелер арасында мүгедектіктің алдын алу. Соңғы екі жылда AYALA қорымен бірлесіп, үш медициналық жобаны жүзеге асыруға 248,3 миллион теңге бөлінді.

«Балалардың қажетті медициналық көмекті Қазақстанда алуына мүмкіндік болғаны біз үшін маңызды. Сондықтан біз жабдық сатып алумен ғана шектелмейміз: жобаларды дәрігерлермен бірлесіп таңдап, мамандардың біліктілігін арттыруға арналған оқытуды ұйымдастырамыз. Мұндай тәсіл медициналық мекемелерге жаңа технологияларды ендіруге және оларды ұзақ жылдар бойы тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Нәрестелерге арналған офтальмологиялық томограф сатып алу осы жұмыстың жалғасы болмақ. Жаңа жабдықтың арқасында дәрігерлер балаларды өмірінің алғашқы күндерінен бастап тексере алады, ал Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі балалар қажетті диагностикадан өте алады», – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Жаңа жабдықтың басты міндеті – көздің торлы қабығының патологияларын, соның ішінде шала туған нәрестелердің ретинопатиясын ерте анықтап, егжей-тегжейлі зерттеу. Қазіргі уақытта дәрігерлер қолданатын офтальмоскопия мен кең өрісті камера торлы қабықтың бетін және қан тамырларының жай-күйін көрсетеді. Ал оптикалық когеренттік томография (ОКТ) торлы қабықтың қабаттық құрылымын көруге және стандартты тексеру кезінде байқалмайтын өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

Портативті аппарат жатқан күйдегі нәрестені тексеруге бейімделген, сондықтан баланың қимылсыз отырып, көзін бір нүктеге қадап отыруы қажет емес. Тексеруді жансақтау бөлімінде де жүргізуге болады.

Алматы қалалық перинаталдық орталығының мәліметінше, 2023–2025 жылдары мұнда шала туған 2 169 нәресте офтальмологиялық скринингтен өтті, ал 362 балаға торлы қабықтың патологиясына байланысты лазерлік ем жүргізілді. Жоба есебіне сәйкес, жаңа томограф жыл сайын шала туған шамамен 700 нәрестені тексеруге, сондай-ақ бұрын ем қабылдаған балалардың жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.